Алгоритмдерден тыс: Болашақ жаңашылдар үшін этикалық жасанды интеллект
ISSAI Summer Research Program аясында NU кітапханасы жасанды интеллект этикасы және оны жауапты қолдану мәселелеріне арналған оқыту сессиясын өткізді.
Жасанды интеллект біздің жұмыс істеу, білім алу және өмір сүру тәсілімізді өзгертуде. ЖИ құралдары инновацияларға, ғылыми зерттеулерге және күрделі мәселелерді шешуге кең мүмкіндіктер ашқанымен, бұл құралдар адалдық, қоршаған орта мен қоғамға әсері, қауіпсіздік, этика, сондай-ақ барған сайын қуатты технологиялардың ұзақ мерзімді салдарына қатысты маңызды сұрақтарды да көтереді.
Біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, Summer Research Program (SRP) бағдарламасына іріктелген талантты әрі болашағынан зор қатысушылармен кездесіп, пікір алмасқанымызға қуаныштымыз. Жазғы уақыттарын ғылыми зерттеулерге, инновацияларға және бірлескен жұмысқа арнаған болашақ ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер ертеңгі технологияларды қалыптастыру жолында маңызды қадамдар жасауда. Кітапхана ақпараттық және жасанды интеллект сауаттылығы, ғылыми зерттеу әдіснамасы және академиялық адалдық саласындағы тәжірибесімен бөлісе отырып, жас зерттеушілерді қолдауға әрдайым дайын.
Сессия барысында біз жасанды интеллектіні жауапты пайдалану мен әзірлеудің қауіпсіз, сенімді және тұрақты болашақты қалыптастыруға ықпал ететін негізгі қағидаттарын талқыладық. Сонымен қатар қатысушылар жасанды интеллект технологияларын басқару мен реттеудің негізін құрайтын халықаралық, ұлттық және институционалдық бастамалармен, тұжырымдамалармен және нормативтік құжаттармен танысты.
Оқыту сессиясы қатысушыларға жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне сыни тұрғыдан қарауға көмектесіп, оларды қарқынды дамып келе жатқан цифрлық әлемде жауапты жаңашыл болуға шабыттандырды.